AiMap. Telegram-дағы бот суицидпен күресе ала ма?

– Әлішер мырза, AiMap қандай жоба?

– Жобамызға қызығушылық танытқаныңызға рақмет. AiMap IT компаниясын құру идеясы қоғам сұранысы бойынша пайда болды деуге болады. AiMap-тың қазіргі командасы бұрын Kazdream IT холдингінде жұмыс істеген. Онда экстремизм мен терроризмнің алдын алу, әлеуметтік мәселелерді ІТ-технология көмегімен шешу мақсатында түрлі жоба жасадық. Уақыт өте келе ІТ-шешімдер ғана емес, жалпы қоғамдағы әлеуметтік мәселелер алаңдата бастады.

AiMap IT компаниясының қызметкерлері министрлік пен әкімдікте, өңірлердегі мемлекеттік органдарда жұмыс тәжірибесі бар. Жұмыс кезінде қоғамдағы актуал мәселелер анықталды. Мәселенің шешімін ІТ технологияның көмегімен тапқанда бюрократия, уақыт пен ресурсты ұтатынымызды білдік. Классикалық әлеуметтік зерттеулерде, сауалнамаларда адамдар шынайы жауап бермеуі мүмкін. Ал ІТ-технология деректерді бірден анықтай алады.

Қазақстанда 2021 жылы 105 жасөспірім суицид жасаған, тағы 200-ге жуығы өзіне қол салмақ болған деген дерек бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, еліміз суицид бойынша Орталық Азия елдері арасында алғашқы үштікке кіреді. Мұндай көрсеткішті көрген соң мәселенің алдын алуға тырыстық.

Негізінен Қазақстандағы IT саласы дамып келеді. Кейінгі бес жылда біз ТМД елдерінде баламасы жоқ ондаған өнім жасай алдық. Алайда ІТ-нарықта әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған және халықты интернеттегі кесірі бар контенттен қорғайтын өнімдер әлі де жетіспейді.

– Telegram-бот қандай алгоритм бойынша жұмыс істейді?

– Интернетте адам өміріне, психологиясына қауіпті деструктив ақпарат пен идея тосқауылсыз тарайды. Әлеуметтік зерттеулер бойынша адамның суицид жасауына оның әлеуметтік желідегі тұтынатын контентінің де әсері бары белгілі болды. Жобаны дайындап жатқанда әлеуметтік желілерде адамды депрессияға түсіретін және суицидке итермелейтін топтарды анықтадық. Олар адамды суицид жасауға ашық түрде шақырмаса да, «Өмір азапқа толы», «Өмірден мән іздеме», «Махаббат деген — бір-бірің үшін өлімге дайын болу» деген мазмұндағы жазбаларды жариялайды. Бір қарағанда мұндай топтардың еш зияны жоқ боп көрінуі мүмкін, бірақ кейінірек олардың контенті адамды жаман ойға үндейді.

Түрлі ойын, квест арқылы да әсер ететін топтар кездеседі. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер ойынға, тапсырма орындап, ұпай жинауға құмар болады. Мұны теріс пиғылда қолданатындар адамдарды өзіне тәуелді етуді, зиян әрекет жасауға итермелеуді көздейді.

Оригинал: https://baribar.kz/186680/aimap-telegram-daghy-bot-suitsidpen-kurese-ala-ma/

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *